Қылышын сүйретіп қыс та келді. Қыс жалғыз келмейді. Ол өзімен бірге бар суығы мен ызғарын қоса ала келеді. Демек бұл мезгілде тұмаудың дәурені жүреді.


Әйткенмен біз суық өтіп, тұмау төбемізге шығып жайғасып алғанда ғана дәрі іздейміз. Иә, ауру асқынғанда ғана әрекетке көшеміз. Одан да оның алдын алу шараларын қарастыру қажет. Сондықтан одан сақтана білген жөн. Тұмау асқынып кетсе, одан сауығып кету қиын. 


«Ауырып ем іздеудің емес, ауырмайтын жол іздеудің» мәнісін қарастыру мақсатында аудандық орталық аурухана қызметкерлері мен аудандық тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармасының ұйымдастыруымен тұмау және жедел респираторлық вирустық инфекциялардың (ЖРВИ) алдын алу шараларын түсіндіру үшін А.Оразбаева атындағы жалпы білім беретін негізгі мектебінде, Т.Жароков атындағы ЖББОМ-да, Жәнібек колледжінде, №1 жалпы білім беретін орта мектебінде, аудан балабақшаларында, Жәнібек колледжінде жиын өткізді. Жиын барысында аудандық тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармасының жетекші маманы Табылды Суйнешев пен аудандық орталық аурухананың салауатты өмір салтын қалыптастыру бөлімінің дәрігері Армангүл Аққойшина тұмау ауруының пайда болуын, емдік шараларын айтып өтіп, бейнебаяндар көрсетіп, ақпараттық білім беру материалдарын таратып, оқушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Аталмыш аурудың алдын алу шаралары мен түсіндіру жұмыстары қаңтар айынан бастап жүргізіліп жатыр. Профилактикалық шараның мақсаты – аурудың асқынуын болдырмау үшін уақытында медициналық көмекке жүгіну керектігі туралы халықты ақпараттандыру. Түрлі ауруларды болдырмау үшін алдын алу шараларын қолданып, саламатты өмір салтын қалыптастырған жөн.